Рыбакина Instagram-ды неге өшіргенін түсіндірді

Фото: Getty Images
Қазақстанның әйелдер теннисіндегі көшбасшысы Елена Рыбакина Лондондағы WTA 500 турнирінен кейін Instagram аккаунтын уақытша неге өшіргенін түсіндірді.
Спортшының айтуынша, жеңілістерден кейін ол желі қолданушыларынан өте көп жағымсыз пікірлер алады. Queen’s Club турнирінің ширек финалында жеңілгеннен кейін ол әлеуметтік желілерден уақытша бас тартуға шешім қабылдаған.
«Шынын айтсам, жеңілістерден кейін мен өте көп негатив хабарламалар аламын. Кейде бұл тым көп болады. Сондықтан аккаунтымды біраз уақытқа өшіруге шешім қабылдадым. Мен үшін бұл дұрыс қадам болды деп ойлаймын», – деді Рыбакина.
Айта кетейік, өткен аптада қазақстандық теннисші Лондондағы WTA 500 турнирінің ширек финалына дейін жетіп, онда британдық Кэти Бултерге үш сетте есе жіберген еді — 5:7, 6:2, 4:6.
Турнир аяқталғаннан кейін оның аккаунты біраз уақытқа қолжетімсіз болды, кейін қайтадан ашылды.
Қазіргі уақытта әлемнің екінші ракеткасы Берлиндегі WTA 500 турнирінде өнер көрсетіп жатыр және жарысты екінші айналымнан бастайды.