Рыбакина испаниялық теннисшіні жеңіп, АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионаты-2026 турнирінің үшінші айналымына өтті. Қазақстандық теннисші екінші кезеңде испаниялық Джессика Бузас Манейродан басым түсті.

Кездесу 1 сағат 6 минутқа созылып, Рыбакинаның 6:2, 6:4 есебіндегі жеңісімен аяқталды.

Рыбакина матч барысында 7 эйс жасап, 4 рет қос қателікке жол берді. Қазақстандық теннисші брейк-пойнт бойынша берілген алты мүмкіндіктің төртеуін пайдаланды. Ал Бузас Манейро бірде-бір эйс жасамады, қос қателікке жол бермеді және қарсыласының добын қайтаруға берілген екі мүмкіндіктің біреуін жүзеге асырды.

Айта кетейік, бұл теннисшілер арасындағы екінші кездесу болды. Алғаш рет олар 2024 жылғы United Cup турнирінде кездесіп, онда да Рыбакина жеңіске жеткен. Осылайша, қазақстандық теннисші жеке кездесулер есебінде 2:0 алға шықты.

Үшінші айналымда Рыбакина әлемнің 58-ракеткасы Юлия Стародубцевамен ойнайды. Теннисшілер бұған дейін бір рет кездескен. 2026 жылғы «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымында украиналық спортшы 3:6, 6:1, 7:6 (7:4) есебімен Рыбакинаны жеңген.

АҚШ ашық чемпионаты-2026 Нью-Йоркте 30 тамыз бен 13 қыркүйек аралығында өтеді. Турнирдің қазіргі чемпионы — өткен жылғы финалда Аманда Анисимованы 6:3, 7:6 (7:3) есебімен жеңген Арина Соболенко.

Рыбакина испаниялық теннисшіні жеңіп, АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты – sport-hub