Рыбакина Торонто турнирінен кейін WTA чемпиондық жарысында көш бастады

Фото: Jimmie48
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Торонто (Канада) қаласында өткен WTA-1000 санатындағы турнирдің финалына шыққаннан кейін жаңартылған WTA чемпиондық жарысында бірінші орынға көтерілді.
Торонто турнирінде Рыбакина шешуші кездесуге дейін жетіп, финалда польшалық Ига Швёнтекке 2:6, 3:6 есебімен жеңілді. Финалға шыққаны үшін қазақстандық теннисші 260 рейтингтік ұпай иеленіп, бірден екі сатыға көтерілді және чемпиондық жарыстағы көшбасшылығын қайтарды.
Қазір Рыбакинаның еншісінде 5 342 ұпай бар. Екінші орында Беларусь өкілі Арина Соболенко 5 130 ұпаймен тұр. Ал одан небәрі бір ұпайға артта қалған Мирра Андреева Торонто турнирінен кейін бірінші орыннан үшінші сатыға түсті. Оның еншісінде 5 129 ұпай бар.
WTA чемпиондық жарысының қазіргі топ-5 тізімі:
Елена Рыбакина (Қазақстан) – 5 342 ұпай;
Арина Соболенко (Беларусь) – 5 130;
Мирра Андреева (Ресей) – 5 129;
Элина Свитолина (Украина) – 4 679;
Джессика Пегула (АҚШ) – 4 460.
Айта кетейік, чемпиондық жарыс теннисшілердің осы маусымдағы нәтижелерін есепке алып, WTA қорытынды турниріне қатысатын спортшыларды анықтайды. 2026 жылы жарыс Сауд Арабиясынан АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласына көшірілді. Турнир 8-15 қараша аралығында өтеді.