Рыбакина Уимблдондағы сенсациядан кейін әлемнің бірінші ракеткасына жақындай түсті

Фото: Getty Images
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Уимблдон-2026 турниріндегі сенсациялық нәтижеден кейін WTA рейтингінде бірінші орынға жақындай түсті.
Турнирдің кезекті ойын күнінен кейін Рыбакина беларусьтік Арина Соболенкоға деген ұпай айырмасын қысқартты.
Әлемнің бірінші ракеткасы күтпеген жерден жарысты 1/8 финал кезеңінде аяқтады. Соболенко жапониялық Наоми Осакаға қарсы матчта фаворит саналғанымен, екі сетте жеңіліп, өткен жылғы турнирдің жартылай финалынан жинаған 540 рейтингтік ұпайын қорғай алмады.
Ал Рыбакинаға келсек, қазақстандық спортшы былтырғыдай үшінші айналымда жарыс жолынан шықты. Әлемнің екінші ракеткасы WTA рейтингінде 27-орында тұрған бельгиялық Элизе Мертенстен өте алмады.
Турнирден ерте шыққанына қарамастан, Соболенконың сәтсіздігі арқасында Рыбакина әлемдік рейтинг көшбасшысына жақындай түсті.
Қазіргі live-рейтинг бойынша Арина Соболенко 8 550 ұпаймен бірінші орнын сақтап отыр. Елена Рыбакина 8 143 ұпаймен екінші орында. Үздік үштікті 6 301 ұпай жинаған америкалық Джессика Пегула түйіндейді.