Рыбакинаны жарыстан шығарған теннисші «Ролан Гарроспен» қоштасты

Темирлан Мажекенов ··
Фото: James Fearn/Getty Images

Фото: James Fearn/Getty Images

Украиналық теннисші Юлия Стародубцева «Ролан Гаррос» турниріндегі өнерін аяқтады.

WTA рейтиңінде 55-орында тұрған спортшы 1/16 финалда қытайлық Ван Сиюйға екі сет қорытындысы бойынша жол берді — 3:6, 5:7. Кездесу 1 сағат 50 минутқа созылды.

Енді Ван Сиюй келесі айналымда аргентиналық Солана Сьерра мен румыниялық Сорана Кирстя арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.

Еске салайық, бұған дейінгі айналымда Юлия Стародубцева Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаны сенсациялық түрде жарыс жолынан шығарған еді. Украиналық теннисші әлемнің екінші ракеткасын үш сетке созылған тартысты матчта қапы қалдырды.

Айта кетейік, биылғы «Ролан Гаррос» турнирінің жалпы жүлде қоры 72 811 352 долларды (шамамен 34,05 миллиард теңге) құрайды. Жекелей сындағы чемпион 3 303 012 доллар (шамамен 1,55 миллиард теңге) көлемінде сыйақы алады. Ал финалға шыққан теннисшілерге 1 651 506 доллар (шамамен 772,2 миллион теңге) беріледі.

Рыбакинаны жарыстан шығарған теннисші «Ролан Гарроспен» қоштасты – sport-hub