Самсонова Уханьдағы WTA-1000 турнирін жеңіспен бастады

Фото: Jimmie48
Ресейлік теннисші Людмила Самсонова Қытайдың Ухань қаласында өтіп жатқан WTA-1000 санатындағы турнирдің алғашқы айналымында чехиялық Катержина Синяковадан басым түсті.
Кездесу 2 сағат 9 минутқа созылып, 6:1, 5:7, 6:2 есебімен аяқталды. Самсонова бірінші сетте жеңіске жеткенімен, екінші партияда қарсыласына есе жіберді. Ал шешуші сетте чехиялық теннисшіге екі гейм ғана берді.
Матч барысында ресейлік спортшы алты рет қос қателік жіберіп, бірде-бір эйс жасамады. Сонымен қатар бес брейк-пойнтты сәтті пайдаланды. Синякова бір эйс жасап, төрт рет қос қателікке жол берді және екі брейк-пойнтты жүзеге асырды.
Бұл Самсонованың биыл Синяковадан екінші рет басым түсуі. Маусым айында Бад-Хомбургтегі WTA-500 турнирінің алғашқы айналымында ресейлік теннисші чехиялық қарсыласын 6:3, 7:5 есебімен жеңген еді.
Келесі кезеңде Самсонова әлемнің алтыншы ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен кездеседі. Қос теннисшінің маусым айында Бад-Хомбургте өткен алдыңғы кездесуінде Свитолина 3:6, 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жеткен.
Айта кетейік, Уханьдағы WTA-1000 турнирі 12-18 қазан аралығында ашық хард корттарында өтеді. Жарыстың жүлде қоры төрт миллион доллардан асады. Жекелей сындағы қазіргі чемпион — америкалық Кори Гауфф.