Санжар Ташкенбай кәсіпқой бокстағы дебюті алдында Наоя Иноуэмен жекпе-жек өткізуді көздеп отыр

Фото: olympic.kz
Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Санжар Ташкенбай мансабында жаңа кезеңді бастауға дайындалып жатыр. 28 тамызда Астанада екі дүркін әлем чемпионы кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Оның қарсыласы филиппиндік Нил Хакамос болады. Жекпе-жекте бірінші ең жеңіл салмақтағы бос тұрған IBF Asia титулы сарапқа салынады.
Ташкенбай үшін бұл дебют ерекше болмақ. Көптеген боксшылар кәсіпқой мансабын рейтингтік жекпе-жектерден бастайды. Ал қазақстандық боксшы алғашқы кездесуінде-ақ чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасуға мүмкіндік алып отыр. Спортшы мұндай мүмкіндік оған қосымша мотивация беретінін жасырмады.
«Мен үшін бұл шынымен де үлкен мүмкіндік — кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегімде-ақ титул үшін рингке шығамын. Мұндай мүмкіндікке ие болғаныма қуаныштымын. Қарсыласым тәжірибелі, кәсіпқой бокстағы тәжірибесі мол әрі соққысы ауыр. Сондықтан жекпе-жек оңай өтеді деп ойламаймын», — деді Ташкенбай.
Қазақстандық боксшы бірінші нөмірмен өнер көрсетіп, бастаманы қарсыласына бермеуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, дебют алдындағы дайындығы толыққанды өтті және жекпе-жекке жақсы физикалық бабында келеді.
«Алғашқы секундтардан-ақ өз қарқынымды таңып, үнемі жұмыс істеуге және қарсыласыма еркін әрекет етуге мүмкіндік бермеуге тырысамын. Оның соққысының мықтылығы мені тек жігерлендіреді. Меніңше, көрермендерге дәл осындай жекпе-жектер ұнайды. Қазір толық дайынмын және мүмкіндігімнің барынша жоғары деңгейін көрсеткім келеді», — деді боксшы.
Сонымен қатар Ташкенбай кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінен кейінгі жоспарларын да ойластырып қойған. Қазақстандық боксшы чемпиондық амбициясын жасырмайды және уақыт өте келе өз салмағындағы ең мықты спортшылардың біріне айналғысы келеді.
Санжар болашақта рингте кездескісі келетін қарсыласын да атады. Бұл — жапониялық бокс жұлдызы Наоя Иноуэ. Ол қазіргі таңда екінші ең жеңіл салмақтағы негізгі чемпиондық белбеулердің иесі.
«Менің басты мақсатым уақыт өте келе өз салмағымда бірінші нөмірге айналып, чемпиондық белбеулердің барлығын біріктіру. Егер бәрі ойдағыдай болса, бір күні Наоя Иноуэмен кездескім келеді. Оның мәнері және жекпе-жек өткізу стилі маған өте ұнайды», — деді Ташкенбай.
Қазақстандық боксшының кәсіпқой бокстағы дебюті 28 тамызда Астанада Халықаралық бокс күніне орайластырылған IBA Nomad турнирінде өтеді.
Ташкенбай кәсіпқой боксқа әуесқойлар арасындағы мол жетістігімен қадам басқалы отыр. Қазақстан құрамасының сапында ол екі рет әлем чемпионы атанып, Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған. Енді боксшы кәсіпқой ринг ережелері бойынша өзін сынап көрмек.