Сәтбаев дебюттік матчында «Челсиге» аустралиялық клубты жеңуге көмектесті

Аружан Талгат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтбаев «Челсидің» негізгі командасы сапындағы алғашқы ойынын сәтті өткізді. Аустралиялық «Вестерн Сидней Уондерерске» қарсы жолдастық кездесуде 17 жастағы футболшы негізгі құрамда алаңға шығып, ойынның алғашқы минуттарынан-ақ өз мүмкіндігін көрсетті.

Сәтбаев алғашқы қауіпті сәтін бірден голға айналдырды. Матчтың 7-минутында ол Райан Кавума-Маккуиннің пасын қабылдап, қақпашымен бетпе-бет шықты да, мүмкіндігін сенімді пайдаланып, есеп ашты.

Қазақстандық футболшының ойынға қосқан үлесі мұнымен шектелмеді. 38-минутта дәл Сәтбаевтың сол қапталдағы әрекетінен кейін қауіпті шабуыл басталды. Оны Реджи Уолш жалғастырып, кейін доп Дариу Эссугуге жетті. Ол шабуылды дәл соққымен аяқтады. Осылайша Сәтбаев гол алдындағы маңызды әрекетімен көзге түсті.

Екінші таймнан кейін «Челси» басымдығын күшейтіп, кездесуді 6:4 есебімен жеңіске жеткізді.

63-минутта лондондық клубтың бас бапкері Сәтбаевты алаңнан ауыстырды. Оның орнына Джейми Гиттенс шықты. Қалған уақытта «Челси» сапында Гиттенс және хет-трик жасаған Жоау Педру гол соқты.

Ал австралиялық клуб құрамында Энтони Пантазопулос, Айдан Хаммонд, Дилан Скиклуна және Аван Луал мергендік танытты.

Жолдастық матч

«Челси» – «Вестерн Сидней Уондерерс» – 6:4

Голдар: Сәтбаев, 7, Эссугу, 38, Гиттенс, 66, Жоау Педру, 80, 85, 89 – Пантазопулос, 14, Хаммонд, 32, Скиклуна, 62, Луал, 78.

«Челси» маусым алдындағы турне аясындағы келесі матчын 1 тамыз күні «Тоттенхэмге» қарсы өткізеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 14:45-те басталады.