Сенегал құрамасы АҚШ-қа келгеннен кейін қатаң тексерістен өтті

Фото: Cory Knowlton/ISI Photos
2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатына қатысу үшін АҚШ-қа келген Сенегал ұлттық құрамасының ойыншылары мен бапкерлер штабы қауіпсіздік қызметтерінің қатаң тексеруінен өтті.
Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбада футболшылар ұшақтан түскеннен кейін әуежай терминалына кірмей, ұшу-қону жолағы маңында өз жүктерімен бірге тұрғаны көрінеді. Қауіпсіздік қызметкерлері спортшылардың заттарын және өздерін мұқият тексерген.
Кадрлардың бірінде ойыншы екі қолын екі жаққа созып тұрған сәтте қызметкер оны металл іздегіш құралдың көмегімен жеке тексеруден өткізіп жатқанын да көруге болады.
Сондай-ақ Өзбекстан ұлттық құрамасы да Нидерланд құрамасына қарсы жолдастық матч алдында тексерістен өткен. Ойыншылар автобустан түскен кезде қауіпсіздік қызметкерлері оларды металл іздегіш құрылғылармен және қызметтік иттердің көмегімен тексерген.
айта кетейік, Әлем чемпионатының топтық кезеңінде Сенегал құрамасы 16 маусымда Франциямен, 22 маусымда Норвегиямен және 26 маусымда Иракпен кездеседі.