Серік Жарасбаев қазақстандық спорт жұлдыздарының шағымдарына қатысты пікір білдірді

Али Асетов··
Фото: Instagram желісіндегі bibisaraches парақшасынан

Фото: Instagram желісіндегі bibisaraches парақшасынан

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қаржыландыру мәселесіне қатысты пікір айтқан танымал қазақстандық спортшылардың мәлімдемелеріне жауап берді.

Үкіметтегі брифинг барысында шенеунік халықаралық деңгейде жоғары нәтижеге қол жеткізген кейбір спортшылар мемлекет тарапынан ерекше қолдау күтетінін атап өтті.

«Ең жоғары деңгейдегі спортшылардың арасында, ашығын айтқанда, тым еркелеп кеткендері де бар. Спортшы үлкен жетістікке жеткен кезде оған деген көзқарас өзгереді. Мұны да ескеру қажет», – деді Жарасбаев.

Соңғы уақытта Қазақстанда спортшыларды қаржыландыру мәселесі кеңінен талқыланып келеді. Бұған мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың сұхбаты себеп болды. Спортшы бірнеше ай бойы тиісті төлемдерді алмағанын және ресми өтініштеріне жауап берілмегенін мәлімдеген еді.

Кейін министрлік бұл мәселенің шешілгенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, барлық қажетті құжаттарға қол қойылып, Шайдоровтың жаңа маусымға дайындық шығындары толық көлемде қамтамасыз етілген.

Бұған дейін қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева да қолдаудың жеткіліксіздігі туралы айтқан болатын. Оның сөзінше, Norway Chess турниріне қатысу мен дайындыққа кеткен шығындардың бір бөлігін өз жүлде қаржысы есебінен жабуға тура келген.

Бұл жағдайға қатысты пікір білдірген Серік Жарасбаев Бибісараға бөлінетін қаржы көлемі қысқармағанын атап өтті. Керісінше, қаржыландыру ұлғайтылып, қосымша қолдау Sport Qory қоры арқылы көрсетілген. Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылы бұл мақсатқа 100 миллион теңге бөлінген. Алайда бюджет мүмкіндіктерінің шектеулі болуына байланысты қосымша қаржы қарастыру мүмкін болмаған.

Айта кетейік, Norway Chess Women 2026 турнирі 25 мамыр мен 5 маусым аралығында Норвегияның Осло қаласында өтті. Бибісара Асаубаева 16,5 ұпай жинап, жарыстың жеңімпазы атанды.