Басты бет
·
Футбол

«Шахтер» «Академия Оңтүстікті» жеңіп, жеңісті сериясын ұзартты

Али Асетов··
Фото: ФК «Шахтер»

Фото: ФК «Шахтер»

Қарағандылық «Шахтер» Қазақстан чемпионаты Бірінші лигасының 24-туры аясындағы өз алаңындағы матчта шымкенттік «Академия Оңтүстікті» 2:0 есебімен жеңді.

Матч басталғаннан-ақ алаң иелері басымдық танытты. Ал бірінші таймның ортасына қарай қонақтардың жағдайы қиындай түсті. 20-минутта шымкенттік клубтың қорғаушысы Шерхан Асанбек қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Осылайша, «Академия Оңтүстік» кездесудің қалған бөлігін бір ойыншы кем құрамда өткізуге мәжбүр болды.

Соған қарамастан, бірінші таймда гол соғылған жоқ. Екінші тайм басталғаннан кейін көп ұзамай есеп ашылды. 50-минутта Артем Литош мүмкіндікті сәтті пайдаланып, шымкенттік команданың қақпасын дәл көздеді. «Шахтер» 1:0 есебімен алға шықты.

Қонақтар есепті теңестіруге тырысқанымен, ойын соңына қарай алаң иелері басымдығын еселей түсті. 79-минутта Литош тағы да гол соғып, дубль жасады.

Бірінші лига, 24-тур

«Шахтер» – «Академия Оңтүстік» – 2:0

Голдар: 50, 79 – Литош.

Осылайша, қарағандылық клуб тағы үш ұпай жинап, еншісіндегі ұпай санын 65-ке жеткізді. Бұл нәтиже «Шахтерге» Қазақстан Бірінші лигасының турнирлік кестесінде көшбасшылығын сақтауға мүмкіндік берді.

«Академия Оңтүстік» жеңіліске қарамастан, үздік төрттікте қалып отыр. Шымкенттік клубтың еншісінде 43 ұпай бар және команда төртінші орында келеді.

Айта кетейік, командалар келесі матчтарын 15 және 16 қазанда өткізеді. Алдымен «Академия Оңтүстік» сырт алаңда «Арыспен» ойнайды. Ал 16 қазанда «Шахтер» Түркістанның «Тұранына» қонаққа барады.