Басты бет
·
MMA/UFC

Шара Буллет екінші әйел алғысы келетінін айтып, себебін түсіндірді

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

UFC-де өнер көрсететін ресейлік файтер Шарабутдин Магомедов, көпшілікке Шара Буллет есімімен танымал спортшы, екінші рет үйлену мүмкіндігін қарастырып жүргенін айтты.

«Макарена» YouTube арнасына берген сұхбатында Магомедов көп әйел алу мәселесін қозғап, бұл шешіміне қазіргі жұбайының қалай қарайтынын түсіндірді.

Спортшының айтуынша, әйелі оның екінші рет үйленуіне келісім берген. Ал өзі мұндай шешімді ең алдымен діни ұстанымымен байланыстырады.

«Мен екінші рет үйлену туралы ойланып жүрмін. Әйелім бұған келіседі, өйткені дінімізде көп әйел алуға рұқсат етілген. Менің ойымша, бірінші әйеліңнің көзіне шөп салғаннан гөрі екінші рет некеге тұрған дұрыс. Әрине, ер адам әйелдерін асырап, оларға қамқорлық жасай алуы керек. Адам өз мойнына неғұрлым көп жауапкершілік алып, отбасына жақсылық жасаған сайын, Алла да оған соғұрлым молынан береді деп сенемін», – деді Магомедов.

Дегенмен файтер екінші рет қашан үйленетінін нақтылаған жоқ. Ол әзірге мұндай мүмкіндікті жоққа шығармайтынын ғана жеткізді.

Ал спорттық мансабына келсек, Шара Буллет алдағы маңызды жекпе-жегіне дайындалып жатыр.

5 желтоқсанда Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында ресейлік спортшы UFC-дің орта салмақтағы бұрынғы екі дүркін чемпионы Исраэль Адесаньямен кездеседі. Бұл жекпе-жек UFC Fight Night турнирінің басты оқиғасы болады.

Шара Буллет соңғы кездесуін 2026 жылдың 27 маусымында Бакуде өткен UFC Fight Night турнирінде өткізді.

Ол бразилиялық Мишель Перейраны төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді. Үш төреші де кездесуді 29:28 есебімен Магомедовтың пайдасына бағалады.

Бұл жеңіс ресейлік файтердің кәсіпқой мансабындағы 17-ші табысы болды. Оның еншісінде бір ғана жеңіліс бар.

Шара Буллет 2025 жылдың ақпанында британиялық Майкл Пейджден жеңілген болатын.