Шавкат Рахмонов Гэрри мен Махачев арасындағы UFC 330 алдындағы салыстырудың ортасында қалды

Фото: Getty Images
Ирландиялық файтер Иэн Гэрри Ислам Махачевпен чемпиондық жекпе-жек алдында бұрынғы қарсыластарын еске алып, олардың арасынан қазақстандық Шавкат Рахмоновты ерекше атап өтті. Үміткердің пікірінше, UFC-дегі мансабында кездескен қарсыластарының деңгейі жоғары болған.
Гэрри соңғы жылдары жекпе-жек өткізген танымал файтерлердің бірнешеуін атады. Олардың қатарында Белал Мухаммад, Шавкат Рахмонов, Карлос Пратес және Майкл «Веном» Пейдж бар.
«Егер менің кімдермен жекпе-жек өткізгеніме қарасаңыздар — Белал Мухаммад, Шавкат Рахмонов, Карлос Пратес, Майкл “Веном” Пейдж — олардың барлығы әлемдегі ең айлакер әрі қауіпті файтерлердің қатарында. Алекс Волкановски мен Дастин Порье, әрине, осы спорттың аңыздары. Бірақ олар мен атаған жігіттердей қауіпті емес», — деді Гэрри ESPN арнасына берген сұхбатында.
Ирландиялық файтер өзінің бұрынғы қарсыластарының физикалық ерекшеліктеріне де тоқталды. Гэрридің айтуынша, соңғы жекпе-жектерінде ол өзінен бойы ұзын әрі физикалық тұрғыдан ірі қарсыластармен кездескен. Ол бұл факторды чемпиондық жекпе-жекке дейінгі жолының күрделілігін көрсететін тағы бір дәлел ретінде санайды.
Енді Гэрри өз сөздерін октагонда дәлелдеуі керек. Оның Ислам Махачевпен жекпе-жегі Филадельфияда өтетін UFC 330 турнирінің басты кездесуі болады.
Жекпе-жек 16 тамыз күні өтеді.