Шавкат Рахмоновтың бапкері спортшының жарақатына қатысты қауесетке жауап берді

Фото: UFC
Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмоновтың бапкері Эдуард Базров спортшының тізесін қайта жарақаттағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
DAR Team командасының бас бапкері Sports.kz басылымына берген сұхбатында мұндай мәліметтің қайдан шыққанын білмейтінін айтты.
«Бұл ақпараттың қайдан шыққанын білмеймін. Өз басым Шавкаттың қайта жарақат алғаны туралы ештеңе естіген жоқпын. Егер ондай жағдай болса, алғашқылардың бірі болып мен білер едім. Сондықтан бұл – жалған ақпарат. Ал Шавкаттың қашан оралатыны туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Өздеріңіз көріп отырғандай, қалпына келу процесі ұзаққа созылды. Менің болжамым бойынша, ол келесі жылдың наурыз-сәуір айларында оралуы мүмкін», – деді Базров.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Рахмоновтың тізесіндегі жарақаты қайта асқынғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда кейін спортшының өзі жаттығуын жалғастырып жатқанын хабарлады.
31 жастағы қазақстандық файтер кәсіпқой мансабында әлі жеңіліп көрген жоқ. Ол 19 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның жетеуі UFC ұйымында тіркелген.
Еске салайық, Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында Лас-Вегаста өткен UFC 310 турнирінде октагонға шықты. Сол кезде ол ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген болатын.
Содан бері қазақстандық спортшы тізе жарақатына байланысты жекпе-жек өткізген жоқ.