«Жақында. 2027»: Шавкат Рахмонов жарақаты туралы ақпараттан кейін мәлімдеме жасады

Фото: shavkatrakhmonov94
Жеңіліп көрмеген қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов жаттығуын жалғастырып жатқанын хабарлап, 2027 жылы октагонға оралуы мүмкін екенін аңғартты.
Жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық спортшының тізесінен қайта жарақат алғаны туралы ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты Рахмоновтың октагонға оралуы тағы да кейінге шегерілуі мүмкін деген болжам айтылды.
Әлеуметтік желілерде жарияланған расталмаған мәліметтерге сәйкес, 32 жастағы файтердің қалпына келу барысында тізесіндегі жарақаты қайта асқынған болуы мүмкін. Соның салдарынан оның UFC-дегі келесі жекпе-жегі кем дегенде 2027 жылдың маусымына дейін шегерілуі ықтимал екені хабарланды.
Алайда 8 қарашада Рахмонов X әлеуметтік желісінде жаттығу процесі туралы жазба жариялады.
«Тағы бір апталық ауыр жаттығу артта қалды. Күн сайын күшейіп келемін», – деп жазды қазақстандық спортшы.
Кейінірек Шавкат Instagram Stories бөлімінде қысқа ғана хабарлама қалдырды.
MMA Fighting басылымының мәліметінше, бұл жазба Рахмоновтың келесі жылы октагонға оралуды жоспарлап отырғанын білдіруі мүмкін.
Дегенмен қазақстандық файтер нақты қашан жекпе-жек өткізетінін айтқан жоқ. Сондай-ақ тізесінен қайта жарақат алғаны туралы ақпаратқа тікелей түсініктеме бермеді.
Еске салайық, Шавкат Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында UFC 310 турнирінде өнер көрсетті. Сол кезде ол ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген болатын.
Осыдан кейін қазақстандық спортшы тізесіне ота жасатып, ұзақ уақытқа жарыстардан шет қалды. 2026 жылдың басында UFC оны ұзақ үзіліске байланысты жартылай орта салмақ рейтингінен алып тастады.
Қазіргі уақытта Рахмонов кәсіпқой мансабында жеңіліп көрген жоқ. Оның еншісінде 19 жеңіс бар. Соның 18-ін мерзімінен бұрын аяқтаған.
Бұған дейін Шавкаттың ықтимал қарсыластарының бірі ретінде эквадорлық Майкл Моралес аталған еді. Алайда Моралес уақытша чемпиондық белбеу үшін бразилиялық Карлос Пратеспен кездесетін болды.
Олардың жекпе-жегі 2027 жылдың 30 қаңтарында UFC 336 турнирінде өтеді деп жоспарланған.
Бұл айқастың жеңімпазы жартылай орта салмақтағы қазіргі чемпион Ислам Махачевпен чемпиондық белбеулерді біріктіру жекпе-жегіне басты үміткер атануы тиіс.
Осылайша Шавкат Рахмонов октагонға оралғаннан кейін чемпиондық атақ үшін күреске қайта қосылуы керек. Алайда оның келесі қарсыласы мен жекпе-жек күні әзірге белгісіз.