UFC Хабиб Нурмагомедовтың жеңіліп көрмеген бауырымен келісімшарт жасасуы мүмкін

Фото: Waleed Zein/Getty Images
Жеңіл салмақта өнер көрсететін ресейлік ММА шебері Усман Нурмагомедов жақын күндері UFC ұйымына ауысуы мүмкін. Хабиб Нурмагомедовтың немере інісінің америкалық промоушенмен келісімге келгені туралы ақпарат тарады.
MMA Uncensored мәліметінше, 28 жастағы Усман Нурмагомедов UFC ұйымымен келісімшарт жасасқан болуы мүмкін. Оның ауысқаны туралы ресми хабарлама 14 қарашада Нью-Йоркте (АҚШ) өтетін UFC 334 турнирі кезінде жариялануы ықтимал.
Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. UFC өкілдері де, Нурмагомедовтың өзі де келісімге қол қойылғанын хабарлаған жоқ.
Айта кетейік, қазан айының соңында ресейлік файтер Professional Fighters League (PFL) ұйымымен эксклюзивті келіссөздер жүргізу мерзімі аяқталғаннан кейін еркін агент атанды.
Бұған дейін Нурмагомедовтың PFL ұсынған жаңа келісімшарттан бас тартқаны хабарланған еді. Ұсыныс бойынша ол әр жекпе-жегі үшін шамамен екі миллион доллар гонорар алуы тиіс болған.
Усман соңғы кездесуін 31 шілдеде Нью-Йоркте өткен PFL турнирінде өткізді. Ол америкалық Арчи Колганды бірінші раундта мерзімінен бұрын жеңіп, жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін қорғады.
Нурмагомедов кәсіпқой ММА-дағы мансабын 2017 жылы бастаған. Бұған дейін Bellator чемпионы атанып, кейін PFL ұйымының да чемпиондық атағын жеңіп алды.
Қазіргі уақытта оның еншісінде 22 жеңіс бар және бірде-бір рет жеңіліп көрмеген.
Еске салайық, Усман Нурмагомедов – UFC-дің бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедовтың немере інісі.
Қазан айында UFC президенті Дана Уайт та ресейлік файтермен келісімшарт жасасуға қызығушылық танытып отырғанын растаған болатын.