Шевченко Уимблдонның бірінші айналымындағы жеңілісіне пікір білдірді

Фото: ATP staff
Қазақстандық теннисші Александр Шевченко Уимблдон турнирінің бірінші айналымында канадалық Феликс Оже-Альяссимнен жеңілгеннен кейінгі әсерімен бөлісті.
Әлемнің 94-ракеткасы рейтингте төртінші орында тұрған қарсыласына үш сетте есе жіберді (3:6, 1:6, 4:6).
«Бәрі басынан бастап жоспар бойынша болмады. Оның ойынына құрметпен қарау керек – ол керемет деңгейде доп берді. Ал мен өз ойынымды мүлде көрсете алмадым, өте нашар ойнадым, әсіресе жаттығудағы деңгейіммен салыстырғанда. Бірақ бұл, бәлкім, оның да еңбегі – ол маған ырғаққа кіруге мүмкіндік бермеді. Негізгі фактор – мен шөп жабында ойнауды дұрыс деңгейде меңгермегенмін. Бұл да жеңілістің басты себептерінің бірі болды. Доп беру мен қабылдауды жақсартуым керек, себебі бүгін қабылдауым өте әлсіз болды.
Алдағы жоспар демалып, тіземді емдеу, өйткені мұндай жарақатпен ойнау өте қиын. Кейде тіпті толық бүгіле алмаймын. Бірде ауырады, бірде ауырмайды, үнемі укол салдыруға тура келеді. Ең нашар жағдайда ота жасап, қайта қалпына келу кезеңінен өтуім мүмкін.
Мен бұған үйреніп кеттім, бірақ кейбір әрекеттерде шектеу бар. Сол жақтан ашық қалыпта ойнай алмаймын. Кейде доп бергенде тізем қатты ауырып кетеді, соның салдарынан доп беруім нашарлайды. Ұзақ жүгірсем, саным ауыра бастайды, осының бәрі жиналып, жағдайды қиындатады», – деп келтіреді Шевченконың сөзін Kazinform.kz.
Жеңіліске қарамастан, қазақстандық теннисші Уимблдонның бірінші айналымындағы өнері үшін салықтарды есептемегенде 80 мың фунт стерлинг көлемінде сыйақы алады.
Еске салайық, турнирде сондай-ақ Александр Бублик, Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Анна Данилина өнер көрсетуде.