Шупо-Мотинг «Баварияға» қайта оралуы мүмкін

Фото: x_@iMiaSanMia
Мюнхендік «Баварияның» бұрынғы шабуылшысы Эрик Шупо-Мотинг қысқы трансферлік кезеңде неміс клубына қайта оралуы мүмкін. Команда басшылығы шабуыл шебін күшейту үшін камерундық футболшыны қатарға қосуды қарастырып жатыр.
Sky Sport журналисі Флориан Плеттенбергтің мәліметінше, «Бавария» қазіргі уақытта америкалық МЛС лигасында «Нью-Йорк Ред Буллз» сапында өнер көрсететін 37 жастағы шабуылшымен келісімшарт жасасу мүмкіндігін талқылауда.
Дереккөздің хабарлауынша, Шупо-Мотинг 2026 жылдың соңында америкалық клубтан кетеді және «Бавариямен» маусым соңына дейін алты айлық келісімшарт жасасуға дайын.
Форвард Гарри Кейн қатарға оралғаннан кейін қосалқы шабуылшы рөлін атқаруға да келісіп отыр. Алайда трансферге қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Мюнхендік клуб құрамды күшейтудің өзге де нұсқаларын қарастыруда.
Бұған дейін «Бавария» негізгі шабуылшысы Гарри Кейннен айырылған болатын. Ағылшын футболшысы 20 қарашада Бундеслига аясында «Кёльнге» қарсы өткен матчта (1:1) сол жақ тобығының байламын үзіп алды. Кейін оған ота жасалып, ұзақ уақытқа қатардан шықты.
Шупо-Мотинг бұған дейін 2020 жылдың қазанынан 2024 жылдың жазына дейін «Бавария» сапында өнер көрсетті. Осы аралықта ол 122 ресми матч өткізіп, 38 гол соқты және 13 нәтижелі пас берді. Мюнхендік клубпен бірге үш рет Германия чемпионы атанды.
МЛС-тің биылғы маусымында камерундық шабуылшы 22 кездесуге қатысып, бес гол және бір нәтижелі пас тіркеді.
«Нью-Йорк Ред Буллз» клубына ауысқанға дейін Шупо-Мотинг Францияның «Пари Сен-Жермен», Англияның «Сток Сити», сондай-ақ Германияның «Шальке», «Майнц» және «Гамбург» командаларында ойнаған.