Швейцария хоккейден әлем чемпионатында Германияны тас-талқан етті

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Швейцария құрамасы хоккейден әлем чемпионатының топтық кезеңінде Германияны ірі есеппен жеңді. Цюрихте өткен кездесу 6:1 есебімен аяқталды.

Швейцариялықтар есепті 26-минутта Денис Мальгиннің шайбасымен ашты. Одан кейін Свен Андригетто, Кристоф Берчи, Нико Хишир және Роман Йози мергендік танытты. Андригетто дубль авторы атанып, командасының алтыншы шайбасын соқты. Германия құрамасының сапынан 56-минутта Фредерик Тиффельс жалғыз голмен жауап қатты.

Осы жеңістен кейін Швейцария құрамасы тоғыз ұпай жинап, A тобында екінші орынға көтерілді. Олар тек соққан және жіберген шайбалардың айырмасы бойынша Финляндияға жол беріп тұр. Ал Германия құрамасы әзірге бірде-бір ұпай жинай алмай, турнир кестесінің соңын түгендеуде.

Әлем чемпионаты 15 пен 31-мамыр аралығында Цюрих және Фрибур қалаларында өтіп жатыр. Швейцария мен Германия - АҚШ, Финляндия, Латвия, Аустрия, Мажарстан және Ұлыбритания құрамаларымен бір топта өнер көрсетуде.

Швейцария хоккейден әлем чемпионатында Германияны тас-талқан етті – sport-hub