Швейцариялық теннисшілер Үндістандағы WTA турнирінің финалында қарсыластарын ойсырата жеңді

Фото: Инстаграм / naima_ka
Швейцариялық Найма Карамоко мен Симона Вальтерт Үндістанның Ченнаи қаласында өткен WTA 250 санатындағы турнирдің жұптық сынында чемпион атанды.
Финалда швейцариялық теннисшілер үндістандық Вайшнави Адкар мен Рутуджа Бхосалеге қарсы ойнады. Кездесу 6:2, 6:0 есебімен аяқталды. Карамоко мен Вальтерт екі сетте қарсыластарына небәрі екі гейм берді.
Жеңіліске қарамастан, үндістандық жұп тарихи жетістікке қол жеткізді. Адкар мен Бхосале WTA негізгі турындағы жарыстың финалына шыққан толықтай үндістандық алғашқы әйелдер жұбы атанды.
Ченнаидегі турнир 2–8 қараша аралығында SDAT Tennis Stadium кешенінің ашық хард корттарында өтті. Жекелей сында 32 теннисші, ал жұптық бәсекеде 16 дуэт бақ сынады.
Жарыстың жалпы жүлде қоры мен өзге де қаржылық міндеттемелері 283 347 долларды құрады.
Айта кетейік, Ченнаиде WTA 250 санатындағы әйелдер турнирі алғаш рет 2022 жылы ұйымдастырылған. Кейін үзілістен соң 2025 жылы қайта оралып, биыл үшінші рет өткізілді.