Басты бет
·
Футбол

«Сіздер мәңгі жүрегімде қаласыздар»: Нани «Ақтөбеден» кеткеннен кейін Қазақстан халқына үн қатты

Аружан Талғат··
Фото: FC AKTOBE

Фото: FC AKTOBE

Португалиялық футболшы Луиш Нани Қазақстан Премьер-лигасындағы маусым аяқталғаннан кейін қоштасу жазбасын жариялады. «Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы ойыншысы әлеуметтік желіде «Ақтөбедегі» кезеңі туралы айтып, Қазақстанда танысқан жандарға алғысын білдірді.

Португалиялық футболшы ақтөбелік клуб сапындағы соңғы матчын 31 қазанда Қостанайда өткізді. ҚПЛ-дің 30-туры аясында «Ақтөбе» «Тобылды» 3:2 есебімен жеңді.

Нани кездесуді қосалқы құрамда бастады. Кейін алаңға шыққан ол ойын нәтижесіне тікелей әсер етті. Есеп тең тұрған сәтте португалиялық футболшы нәтижелі пас беріп, командасының жеңіске жетуіне үлес қосты.

Маусым аяқталған соң Нани Қазақстанға арнап арнайы жазба жариялады. Оның айтуынша, футбол оған жаңа кәсіби тәжірибе ғана емес, өмір бойы жылы естеліктермен еске алатын адамдармен танысуға мүмкіндік берген.

«Мен үшін футбол ешқашан тек матчтар мен нәтижелерден тұрмаған. Өмір жолында кездесетін адамдар, бірге өткізген сәттер және жылдар бойы сақталатын қарым-қатынастар да маңызды. Қазақстан мені жаңа мәдениетпен таныстырды. Ең бастысы, мені шын жүректен жылы қабылдаған адамдармен жолықтырды», – деп жазды Нани Instagram парақшасында.

Футболшы «Ақтөбенің» дамуына қандай үлес қосқысы келгенін де атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстанда ойнаған уақытында командаға алаңда көмектесіп қана қоймай, Еуропа футболындағы мансабында жинаған тәжірибесімен бөлісуге тырысқан.

«"Ақтөбе“ сапында өнер көрсете жүріп, мансабымда үйренген дүниелердің барлығын командаға бергім келді. Білімім мен тәжірибем клубқа пайдалы болып, алға жылжуына көмектесті деп үміттенемін. Мен үшін команданың нәтижесіне ғана емес, жалпы дамуына да үлес қосу маңызды болды», – деді португалиялық футболшы.

Нани клуб қызметкерлері мен ақтөбелік жанкүйерлерге де ерекше алғыс айтты. Ол Қазақстанда өткізген уақыты өміріндегі айрықша кезеңдердің бірі болып қалатынын жеткізді.

«Клуб басшылығы мен қызметкерлеріне, адал жанкүйерлерімізге және осы айларды есте қаларлықтай еткен әрбір жанға рақмет! Сіздер маған көптеген жылы естелік сыйлап, мәңгі жүрегімде ерекше орын алдыңыздар. «Ақтөбенің“ бір бөлігі болғаныма шын жүректен қуаныштымын», – деп түйіндеді футболшы.

Еске салайық, Нани клубтан кететінін 26 қазанда Алматының «Қайратына» қарсы өткен соңғы үй матчынан кейін жариялаған болатын. Ол кездесу 2:2 есебімен аяқталып, португалиялық футболшы 75-минутта жанкүйерлердің қошеметімен алаңнан кеткен еді.

Нани Қазақстандағы маусымды қалай өткізді?

2026 жылдың қаңтарында Луиш Нани кәсіби футболға күтпеген жерден қайта оралды. Ал 2024 жылдың желтоқсанында мансабын аяқтағанын жариялаған болатын.

2016 жылғы Еуропа чемпионының «Ақтөбеге» ауысуы Қазақстан футболындағы маусымаралық кезеңнің ең елеулі оқиғаларының біріне айналды. Португалиялық футболшы бұған дейін «Манчестер Юнайтед», «Спортинг», «Валенсия», «Лацио» және басқа да шетелдік клубтарда өнер көрсеткен.

Нани «Ақтөбе» сапындағы алғашқы матчын 7 наурызда өткізді. Тәжірибелі жартылай қорғаушы дебюттік кездесуінде-ақ нәтижелі пас берді.

Жалпы, португалиялық футболшы маусым барысында барлық турнирде 26 матчқа қатысып, үш гол соғып, бес нәтижелі пас берді. Үш голының екеуін Қазақстан кубогында тіркеді.

ҚПЛ-дің 30 турының қорытындысы бойынша «Ақтөбе» 49 ұпай жинап, турнир кестесінде бесінші орын алды.

Қазақстанда көп уақыт өткізбесе де, Нани жергілікті жанкүйерлердің қолдауын бірнеше рет атап өткен еді. Оның «Тоболға» қарсы соңғы матчта нәтижелі әрекетімен көзге түсуі ақтөбелік клубтағы мансабының соңғы бетіне айналды.

Футболшының алдағы жоспарлары әзірге белгісіз. 17 қарашада ол 40 жасқа толады.

«Сіздер мәңгі жүрегімде қаласыздар»: Нани «Ақтөбеден» кеткеннен кейін Қазақстан халқына үн қатты – sport-hub