Басты бет
·
Футбол

«Бәрі ойдағыдай бола қойған жоқ»: Шушеначев «Ақтөбедегі» маусымын қорытындылады

Али Асетов··
ҚФФ

ҚФФ

«Ақтөбе» мен Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Артур Шушеначев 2026 жылғы футбол маусымының қорытындысы туралы пікір білдірді.

28 жастағы шабуылшы әлеуметтік желідегі жазбасында көздеген мақсаттарының барлығына жете алмағанын мойындады. Дегенмен өткен жыл мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі болғанын атап өтті.

«Осы маусым сыйлаған тәжірибе, сабақтар, жеңістер мен сынақтар үшін алғыс айтамын. Бәрі ойдағыдай бола қойған жоқ, бірақ әрбір сәт мені шыңдай түсті», – деп жазды Шушеначев.

Қазақстан чемпионатында футболшы 28 матчқа қатысып, 10 гол соғып, төрт нәтижелі пас берді. «Гол+пас» жүйесі бойынша 14 ұпай жинаған шабуылшы ҚПЛ-дің ең нәтижелі он ойыншысының қатарына енді.

Ал «Ақтөбе» чемпионатты 49 ұпаймен бесінші орында аяқтады. Қазақстан кубогында команда ширек финалда Өскеменнің «Алтайынан» жеңіліп, жарыстан шығып қалды.

Шушеначев «Ақтөбе» сапына 2025 жылдың жазында қосылды. Ол Израильдің «Хапоэль» (Беэр-Шева) клубынан кеткеннен кейін еркін агент ретінде ақтөбеліктермен келісімшартқа отырды. Қазақстанға оралмас бұрын шабуылшы Ресейдің «Сочи» клубында жалға алу шартымен өнер көрсетті.