Скатов – Рублев матчының бейнешолуы: қазақстандық әлемдік теннис көшбасшыларының біріне есе жіберді
Бөлісу

Фото: Getty Images
Португалияның Эшторил қаласында өтіп жатқан турнир Тимофей Скатов үшін екінші айналым кезеңінде аяқталды.
Қазақстандық теннисші әлемдік рейтингтің үздік 15 ойыншысының қатарына кіретін Андрей Рублевке қарсы ойнап, өз мүмкіндігін сынап көрді.
Ресейлік теннисші алғашқы минуттардан-ақ, алаңдағы жағдайды толық бақылауда ұстады. Скатов қарсыласына айтарлықтай қиындық туғыза алмады. Нәтижесінде Рублев екі сетте де 6:1, 6:1 есебімен жеңіске жетті.
Кездесу толықтай 59 минутқа созылды. Бұл Скатов пен Рублевтің ATP аясындағы ресми жарыстардағы алғашқы өзара кездесуі болды.
Енді Андрей Рублев турнирдің басты жүлдесі үшін күресті жалғастырады. Келесі кезеңде ол Франция өкілі Лука Ван Эшпен кездеседі.