Соболенко Гибсонды жеңіп, Цинциннатидегі турнирдің үшінші айналымына шықты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Әлемдік рейтингтің көшбасшысы Арина Соболенко АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан WTA-1000 санатындағы турнирдегі алғашқы матчын өткізіп, екінші айналымда австралиялық Талия Гибсонды (WTA 65) жеңді.

Беларусь теннисшісі кездесуде екі сетте 6:2, 7:6 (7:2) есебімен жеңіске жетті. Сайыс 1 сағат 54 минутқа созылды. Бұл Соболенко мен Гибсонның мансабындағы алғашқы өзара кездесуі болды.

Соболенко 13 эйс жасап, екі рет қос қателік жіберді. Гибсон екі рет эйс жасап, жеті қос қателікке жол берді. Беларусь спортшысы жеті брейк-пойнттың төртеуін пайдаланса, австралиялық теннисші үш мүмкіндіктің екеуін жүзеге асырды.

Екінші сетте есеп 6:5 болған кезде Соболенко өз добын берген сәтте бес матчболды пайдалана алмай, қарсыласына кері брейк жасауға мүмкіндік берді. Жеңімпаз тай-брейкте анықталды. Онда әлемнің бірінші ракеткасы Гибсонға небәрі екі ұпай берді.

Үшінші айналымда Соболенко әлемнің 36-ракеткасы Ван Синьюймен кездеседі. Қытайлық теннисші бұған дейін хорватиялық Донна Векичті үш сетте 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңген. Бұған дейін Соболенко мен Ван Синьюй ресми матчтарда кездеспеген.

Соболенко Гибсонды жеңіп, Цинциннатидегі турнирдің үшінші айналымына шықты – sport-hub