Басты бет
·
Қысқы ойындар

Софья Самоделкина АҚШ-тағы Гран-при кезеңінде бесінші орын алды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: olympic.kz

Фото: olympic.kz

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина АҚШ-тың Эверетт қаласында өткен 2026/27 жылғы маусымдағы ISU Гран-при сериясының төртінші кезеңінде бесінші орын иеленді.

15 қарашада аяқталған жарыста Самоделкина қысқа бағдарламадан кейін 61,03 ұпай жинап, 11-орында тұрған еді.

Алайда еркін бағдарламада қазақстандық спортшы нәтижесін айтарлықтай жақсартты. Ол 137,56 ұпай жинап, 12 қатысушы арасында төртінші нәтиже көрсетті. Осылайша екі бағдарлама қорытындысы бойынша 198,59 ұпай еншілеп, бірден алты сатыға көтерілді.

Еркін бағдарлама барысында Самоделкина үштік аксель орындады. Техникалық мамандар элементтің толық айналуға ширек айналым жетпей орындалғанын тіркеді. Бұл элемент 6,29 ұпайға бағаланды. Ал бағдарламаның техникалық бөлігі үшін спортшы 76,26 ұпай алды.

Жарыста жапониялық Ами Накаи 236,81 ұпаймен жеңіске жетті. Екінші орынды бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен Александра Игнатова (Трусова) (213,90), үшінші орынды жапониялық Рино Мацуике (211,63) иеленді. Оңтүстік Корея өкілі Ким Юджэ (204,28) төртінші орынға тұрақтады.

Айта кетейік, Самоделкина бұған дейін Канададағы Гран-при кезеңінде де бесінші орын алған болатын. Екі жарыстың қорытындысы бойынша қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы жалпы есепте 14 ұпай жинады.