Софья Самоделкина АҚШ-тағы Гран-при кезеңінде үздік ондыққа кіре алмады

ҚР ҰОК
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина АҚШ-тың Эверетт қаласында өтіп жатқан Гран-при кезеңінде қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша 11-орын алды.
Отандасымыз өз өнері үшін 61,03 ұпай жинап, 12 қатысушының арасында соңғы орыннан бір саты жоғары орналасты.
Самоделкина қос аксель мен үштік флипті сәтті орындағанымен, үштік лутц кезінде қателік жіберіп, секірулер каскадын орындай алмады.
Қысқа бағдарламада жапониялық Ами Накаи 82,20 ұпаймен көш бастады. Екінші орынға бейтарап мәртебеде өнер көрсететін ресейлік Александра Игнатова (74,24 ұпай) жайғасса, үздік үштікті оңтүстіккореялық Ким Ю Чжэ (73,92 ұпай) түйіндеді.
Еркін бағдарлама 16 қарашаға қараған түні Қазақстан уақытымен сағат 02:05-те басталады. Жүлдегерлер екі бағдарламаның жиынтық нәтижесі бойынша анықталады.
Айта кетейік, бұл Самоделкинаның биылғы Гран-при сериясындағы екінші жарысы. Бұған дейін ол Канаданың Келоуна қаласында өткен Skate Canada турнирінде 206,89 ұпай жинап, бесінші орын алған болатын.