Басты бет
·
Теннис

Сонай Картал Уханьдағы турнирде әлемнің алтыншы ракеткасын жеңді

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Ұлыбританиялық теннисші Сонай Картал (WTA рейтингінде 170-орын) Қытайдың Ухань қаласында өтіп жатқан WTA-1000 турнирінің жартылай финалына шықты. Ол ширек финалда әлемнің алтыншы ракеткасы, украиналық Элина Свитолинаны 6:2, 2:6, 6:4 есебімен жеңді.

Ухань. WTA-1000. Ширек финал

Элина Свитолина (Украина) – Сонай Картал (Ұлыбритания) – 2:6, 6:2, 4:6

Кездесу шамамен екі сағатқа созылды. Картал алғашқы партияда жеңіске жеткенімен, екінші сетте Свитолина есепті теңестірді. Шешуші партияда британдық теннисші басым түсіп, жеңісті жұлып алды.

Матч барысында Свитолина үш эйс жасап, екі қос қателік жіберді. Ол бес брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Ал Картал эйс жасамады, бір қос қателікке жол беріп, жеті брейк-пойнттың үшеуін сәтті жүзеге асырды.

Айта кетейік, 24 жастағы британдық теннисші мансабында алғаш рет WTA-1000 санатындағы турнирдің жартылай финалына шықты. Бұған дейін ол арқасындағы шаршау сынуына байланысты алты ай бойы жарыстарға қатыспаған. Кортқа оралғаннан кейін Уханьда швейцариялық Белинда Бенчичті (6:0, 7:5) және италиялық Жасмин Паолиниді (6:2, 6:0) жеңді.

Енді Картал финалға шығу үшін латвиялық Елена Остапенкомен кездеседі. Остапенко ширек финалда ресейлік Диана Шнайдерді 7:6 (8:6), 6:1 есебімен жеңген.