Соня Жиенбаева Қытайдағы ITF турнирінің ширек финалына шықты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: ҚТФ

Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші Соня Жиенбаева Қытайдың Юньин қаласында өтіп жатқан ITF W100 турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Екінші айналымда қазақстандық спортшы Индонезия өкілі Приска Маделин Нугрохоны 6:3, 6:4 есебімен жеңді.

WTA рейтингінде 902-орында тұрған Жиенбаева әлемнің 468-ракеткасына қарсы кездесуде сенімді ойын көрсетіп, матчты екі сетте өз пайдасына аяқтады.

Ширек финалда қазақстандық теннисші қытайлық Хуан Юйцзя мен ресейлік Екатерина Маклакова арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.

Еске салайық, Соня Жиенбаева турнирдің алғашқы айналымында WTA рейтингінде 189-орында тұрған қытайлық Есинь Маны жеңген болатын.