Стас Покатилов «Сабахтың» тарихи жеңісінен кейін пікір білдірді

Фото: Sabah FC
Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатилов Чемпиондар лигасында «Сабах» клубының тарихи жеңісіне қатысты пікір білдірді.
13 қазанда Бакуде өткен матчта әзербайжандық клуб Чехияның «Славия» командасын 2:0 есебімен жеңді. Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде алғаш рет өнер көрсетіп жатқан «Сабах» бұл кезеңдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Матчтан кейін Стас Покатилов командаға қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс айтты.
«Ең алдымен, Әзербайжанды осы тарихи нәтижемен құттықтағым келеді. «Сабах» Чемпиондар лигасында алғаш рет жеңіске жетті. Бұл бәріміз үшін ерекше сәт. Жанкүйерлерімізге және ТМД елдерінде бізге жанкүйер болған барша адамға алғыс айтамын. Өзіме де қолдау көрсетілгенін сезіндім, сол үшін өте ризамын», – деді қазақстандық қақпашы.
Сондай-ақ ол кездесудің оңай болмағанын атап өтті. Покатиловтың айтуынша, команда қарсыласының деңгейін жақсы түсінгенімен, қысымға төтеп беріп, өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алды.
«Қарсыласымыздың қаншалықты мықты екенін жақсы білдік. Матч оңай болған жоқ. Сондықтан осындай нәтижеге қол жеткізіп, сенімді жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Қазір эмоциямыз тасып тұр, өйткені алаңда бар күшімізді салдық. Алдағы ойындарда да осындай жігермен өнер көрсетеміз деп үміттенемін», – деді «Сабах» капитаны.