Басты бет
·
Бокс

Сұлтан Заурбек қарсыласын нокдаунға жіберіп, әлем чемпионы атағына бір қадам жақындады

Aibar Rysdaulet··
Фото: Boxing News

Фото: Boxing News

Қазақстандық боксшы Сұлтан Заурбек кәсіпқой рингтегі кезекті жеңісіне қол жеткізіп, екінші жеңіл салмақтағы IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына міндетті үміткер атанды.

Қазақстандық боксшы Аустралияның Квинсленд штатында жергілікті боксшы Джексон Инглендті төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді.

Жекпе-жек чемпиондық белбеуге міндетті үміткерді анықтау мәртебесінде өтті. Заурбек кәсіпқой мансабындағы жеңіліссіз рекордын сақтап, төртінші раундта Инглендті нокдаунға жіберді. Боксшылар 130 фунт, яғни 58,97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде кездесті.

12 раундтың қорытындысы бойынша үш төреші де жеңісті қазақстандық боксшыға берді. Бұл Заурбектің кәсіпқой мансабындағы 21-жеңісі болды. Оның рекорды – 21 жеңіс, оның 13-і нокаутпен. 

Ал Ингленд кәсіпқой мансабындағы төртінші жеңілісіне ұшырады. Заурбекпен жекпе-жекке дейін оның 19 жеңісі, соның ішінде мерзімінен бұрын аяқталған 10 жеңісі болған. Аустралиялық IBF рейтингінде үшінші орында тұрған Заурбекке қарсы төртінші нөмірмен шықты.

Жекпе-жекке міндетті үміткер мәртебесін Халықаралық бокс федерациясы (IBF) берді. Ұйым бұған дейін Заурбек пен Инглендке чемпиондық белбеуге міндетті үміткер атану құқығы үшін жекпе-жек өткізуді міндеттеген. Бастапқыда кездесу басқа жерде өтуі тиіс болған, алайда промоутерлік саудадан кейін жекпе-жек Квинслендке ауыстырылды.

Екінші жеңіл салмақтағы IBF чемпионы – мексикалық Эмануэль Наваррете. IBF-тің қазіргі чемпиондар тізіміне сәйкес, ол 130 фунтқа дейінгі салмақтағы титулды иеленіп отыр. Наваррете осы салмақта IBF және WBO нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулерді біріктірген.

Осылайша, Заурбек IBF чемпиондық белбеуіне таласуға ресми құқық алды. Қазақстандық боксшының келесі қадамы – чемпиондық жекпе-жекке дайындық. Бұл кездесу оған кәсіпқой бокста Қазақстаннан шыққан жаңа әлем чемпионы атануға мүмкіндік береді.