Заурбек пен Ингленд IBF іріктеу жекпе-жегі алдында салмақ өлшеу рәсімінен өтті

Фото: x_@ausboxing
Сұлтан Заурбек кәсіби мансабындағы маңызды жекпе-жектердің бірі алдында ресми салмақ өлшеу рәсімінен өтті.
Қазақстандық боксшы IBF ұйымының іріктеу жекпе-жегінде австралиялық Джексон Инглендпен кездеседі.
Заурбектің салмағы 58,82 келі болса, Ингленд 58,73 келі көрсетті. Екі боксшы да екінші жеңіл салмақ дивизионының лимитіне (58,97 келі) сай келді. Салмақ өлшеу рәсімінен кейін спортшылар дәстүрлі көз арбасу рәсімін өткізді.
Жекпе-жек 26 қыркүйекте Квинслендте өтеді. Оның жеңімпазы IBF чемпионының міндетті қарсыласы мәртебесін алады. Заурбек ұйым рейтингінде үшінші орында тұрса, Ингленд төртінші сатыда орналасқан. Екінші жеңіл салмақтағы IBF чемпиондық белбеуі мексикалық Эмануэль Наварретеге тиесілі.
Заурбек ұзақ үзілістен кейін шаршы алаңға оралады. Қазақстандықтың соңғы жекпе-жегі 2025 жылдың сәуірінде Астанада өтіп, ол Оңтүстік Африка өкілі Азинга Фузилені төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген. Заурбектің кәсіби рекорды – 20 жеңіс, оның 13-і мерзімінен бұрын аяқталған, жеңілісі жоқ.
Ал Ингленд 19 рет жеңіске жетіп, оның 10-ын нокаутпен аяқтаған. Австралиялық боксшының еншісінде үш жеңіліс бар.