Свитолина «баранка» сыйлап, камбэк жасап, жартылай финалға шықты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Әлемнің тоғызыншы ракеткасы Элина Свитолина Торонтода өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирдің жартылай финалына шықты. Ширек финалда украиналық теннисші ресейлік Екатерина Александровадан 3:6, 6:0, 6:3 есебімен басым түсті.

Матчтың басында Александрова басымдық танытты. Әлемнің 19-ракеткасы маңызды ұпайларда жақсы ойнап, қарсыласының берулерін үш рет қайтарды. Свитолина бір брейкпен жауап бергенімен, бұл жеткіліксіз болды. Нәтижесінде ресейлік теннисші алғашқы сетте 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Екінші партияда Свитолина қабылдауда ойынын күшейтіп, Александроваға бірде-бір гейм бермеді. Украиналық теннисші үш рет брейк жасап, есепті теңестірді – 6:0. Шешуші сетте де Свитолина Александрованың берген добын үш рет қайтарып, матчты 6:3 есебімен жеңіспен аяқтады. Осылайша алғашқы сеттен ұтылған украиналық теннисші кейінгі 15 геймнің 12-сінде жеңіске жетті.

Кездесу 1 сағат 33 минутқа созылды. Александрова төрт эйс жасап, екі рет қос қателік жіберді және сегіз брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Ал Свитолина үш эйс орындап, бес рет қос қателікке жол берді және қабылдаудағы сегіз мүмкіндіктің алтауын сәтті пайдаланды.

Бұл жеңіс Свитолинаның өзара кездесулердегі басымдығын арттырды. Теннисшілер ресми турнирлерде бес рет кездескен, оның төртеуінде украиналық спортшы жеңіске жетті. Александрованың жалғыз жеңісі 2021 жылы Берлиндегі шөп төсенішті турнирде тіркелген. Қатты төсеніште Свитолина үш кездесудің бәрінде жеңіске жетсе, тағы бір жеңісі саз төсеніште болды.

Жартылай финалда Свитолина әлемнің сегізінші ракеткасы Ига Швёнтекпен кездеседі. Бұған дейін польшалық теннисші ресейлік Диана Шнайдерді жеңген болатын. WTA 1000 санатындағы турнир Торонтода 3-14 тамыз аралығында өтіп жатыр.