Басты бет
·
Бокс

Темиров Германияда венесуэлалық боксшыны нокаутқа түсірді

Бекарыс Әлімхан··
Фото: temiroov_

Фото: temiroov_

Қазақстандық орта салмақтағы боксшы Виктор Темиров Гамбургте өткен жекпе-жекте венесуэлалық Джонни Санчесті екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Темиров бірінші раундтың соңында қарсыласын нокдаунға түсірді. Алайда венесуэлалық боксшы жекпе-жекті жалғастыра алды. Екінші раундта Санчес тағы екі рет рингке құлап, нәтижесінде төреші кездесуді тоқтатып, қазақстандықтың техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін тіркеді.

Осылайша, Темиров жеңіліссіз рекордын сақтап, кәсіби мансабындағы жеңістер санын 12-ге жеткізді. Оның тоғыз жеңісі мерзімінен бұрын аяқталған.

Қазақстандықпен жекпе-жекке дейін Санчестің рекорды 20 жеңіс, 14 жеңіліс болды. Ол соңғы рет маусым айында рингке шыққан.

Айта кетейік, Темировтың биылғы үш жекпе-жегінің барлығы мерзімінен бұрын аяқталды. Ақпанда ол осыған дейін жеңіліп көрмеген неміс Доминик Арнольдты бесінші раундта тоқтатып, WBF нұсқасы бойынша орта салмақтағы чемпиондық атақты жеңіп алған.