Басты бет
·
АО-2026

Төрехан Сабырхан Азия ойындарының чемпионы атанды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Нургали Жумагазы

Фото: Нургали Жумагазы

Төрехан Сабырхан 2026 жылғы Азия ойындарында бокс турнирінің чемпионы атанып, Қазақстанға 12 жылдан кейін осы спорт түрінен алғашқы алтын медальді сыйлады.

70 келіге дейінгі салмақта өткен финалда қазақстандық боксшы Иордания өкілі Зеяд Ишаишпен кездесті. Сабырхан шешуші жекпе-жекте төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетіп, мансабында алғаш рет Азия ойындарының чемпионы атанды.

Финал Төрехан үшін бес ай бұрынғы жеңілістің қарымтасы болды. Сәуір айында дәл осы боксшылар Улан-Баторда өткен Азия чемпионатының финалында кездескен. Ол кезде Сабырхан алғашқы раундта жеңіске жеткенімен, Ишаиш жекпе-жек барысын өзгертіп, 5:0 есебімен басым түскен.

Қазіргі Азия ойындарында қазақстандық боксшы бірде-бір жеңіліссіз чемпион атанды. 1/8 финалда Катар өкілі Мұхаммед Дбичиді жеңсе, ширек финалда ирактық Али Касим Хамдам әл-Сарраиді бірінші раундта нокаутқа түсірді. Ал жартылай финалда өзбекстандық Шавкатжон Болтаевтан төрешілердің бірауызды шешімімен басым түсті.

Айта кетейік, Сабырхан Қазақстанның Азия ойындарындағы бокстан алтынсыз қалған 12 жылдық сериясын үзді. Соңғы рет қазақстандық боксшылар 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында чемпион атанған. Сол кезде Қазақстан құрамасы алты алтын медаль жеңіп алған.

Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.

Төрехан Сабырхан Азия ойындарының чемпионы атанды – sport-hub