Қазақстандық Эльмира Сыздықова Азия ойындарында финалға шықты

Эльмира Сыздыкова. Фото: Нургали Жумагазы
Қазақстандық балуан Эльмира Сыздықова Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында әйелдер күресінен финалға шықты.
76 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында қазақстандық балуан қытайлық Ли Вэньцзимен кездесті. Белдесу Сыздықованың 9:8 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Финалда оның қарсыласы Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы, жапониялық Юка Кагами болады.
Эльмира Сыздықованың ірі халықаралық жарыстарда тәжірибесі мол. Ол 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қола медаль жеңіп, 2021 жылы Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ 2018 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері.
50 келіге дейінгі салмақта Зейнеп Баянова жартылай финалда жапониялық Юи Сусакиден 0:4 есебімен жеңілді. Төрт дүркін әлем чемпионы әрі Токио Олимпиадасының жеңімпазы белдесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Енді Баянова қола медаль үшін күреседі.
Ерлер арасындағы еркін күресте Едіге Қасымбек те 125 келіге дейінгі салмақта жартылай финалдан аса алмады. Ол қазіргі әлем чемпионы, ирандық Амир Хоссейн Заремен белдесіп, кездесу 3:3 есебімен аяқталды. Алайда қосымша көрсеткіштер бойынша жеңіс ирандық балуанға берілді. Қасымбек енді қола медаль үшін белдеседі.
Айта кетейік, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагоя қаласында өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.