Виртуалды таеквондо: Бакишева Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды

Рита Бакишева. Фото: ДРС
Рита Бакишева 2026 жылғы Азия ойындарында виртуалды таеквондодан Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Бұл — аталған спорт түрі бойынша Азия ойындарындағы алғашқы жарыс.
1/8 финалда қазақстандық спортшы Иордания өкілі Мұхаммад әл-Адарбехті 2:0 есебімен жеңді. Кейін Үндістан спортшысы Кашиш Маликтен 2:1 есебімен басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финалда Бакишева Филиппин өкілі Джеус Япеге раундтар бойынша 0:2 есебімен есе жіберіп, қола медаль иеленді. Бір күн бұрын Япе дәстүрлі таеквондодан да Азия ойындарының қола жүлдегері атанған болатын.
Айта кетейік, Азия ойындарындағы виртуалды таеквондо аралас жеке форматта өткізіледі. Сондықтан ерлер мен әйелдер бір-бірімен кездесуі мүмкін. Бакишева дәстүрлі таеквондодан 49 келіге дейінгі салмақта да жарысқа қатысады.
2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.