Қазақстандық таеквондошы Азия ойындарының жартылай финалына шықты

Фото: ДРС
Рита Бакишева 2026 жылғы Азия ойындарында виртуалды таеквондодан жартылай финалға жолдама алды.
Алғашқы кезеңде қазақстандық спортшы Иордания өкілі Мұхаммад Аладарбимен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ол дәстүрлі таеквондодан да өнер көрсетеді. Иорданиялық спортшы мамыр айында Азия чемпионатының 80 келіге дейінгі салмағында жартылай финалға дейін жеткен.
Ширек финалда Бакишева Үндістан өкілі Кашиш Маликпен белдесті. Қазақстандық таеквондошы 2:1 есебімен жеңіп, жарыстың үздік төрттігіне енді. Малик биыл дәстүрлі таеквондодан 53 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленген.
Айта кетейік, Азия ойындарындағы виртуалды таеквондо аралас жеке форматта өтеді. Сондықтан ерлер мен әйелдер бір-бірімен кездесуі мүмкін. Бакишева дәстүрлі таеквондодан 49 келіге дейінгі салмақта да жарысқа қатысады.
2026 жылы қазақстандық спортшы 49 келіге дейінгі салмақта Kazakhstan Open турнирінің қола жүлдесін жеңіп алды. Бұған дейін Бакишева 2023 жылы Қытайдың Чэнду қаласында өткен Дүниежүзілік жазғы Универсиадада жеңімпаз атанған.
2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.