Қазақстандық дзюдошылар Азия ойындарының ширек финалына шықты

Екатерина Токарева. Фото: Владислав Семёнов
Қазақстандық дзюдошылар Екатерина Токарева мен Ерасыл Қажыбаев 2026 жылғы Азия ойындарындағы жарысын сәтті бастады.
78 келіге дейінгі салмақта Токарева Филиппин өкілі Киёми Ватанабэмен кездесіп, бір минуттан кейін иппонмен жеңіске жетті. Ширек финалда қазақстандық дзюдошы Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Джуға қарсы белдеседі.
100 келіден жоғары салмақта Қажыбаев та алғашқы кездесуін мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтады. Қазақстандық спортшы Индонезия өкілі И Геде Агастья Дарма Вардананы иппонмен ұтты. Жартылай финалға шығу үшін ол моңғолиялық Гончигсүрэн Батхуягпен белдеседі.
Айдар Арапов 90 келіге дейінгі салмақтағы жеке жарысын аяқтады. Оның Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілі Гаджимурад Омаровқа қарсы белдесуі «golden score» кезеңіне дейін созылды. Қосымша уақытта қарсыласы «юко» алып, жеңіске жетті. Айта кетейік, Арапов биыл Азия чемпионатында және отандық Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде қола медаль жеңіп алған.
2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.