«They Follow» фильмінің түсірілімі ресми түрде аяқталды

Фото: They Follow
«Ол сенің артыңнан келеді» («It Follows») культтік хоррорының жалғасы — «They Follow» фильмінің түсірілімі ресми түрде аяқталды.
Сиквелдің режиссері ретінде 2014 жылы шыққан түпнұсқа фильмді түсірген Дэвид Роберт Митчелл қайта оралды. Ол жаңа фильмнің сценарийін де өзі жазған. Бірінші бөлімдегі басты кейіпкерді сомдаған Майка Монро да өз рөліне қайта оралды. Сонымен қатар фильмнің актерлік құрамына Наоми Аки, Майкл Гандольфини, Джеки Эрл Хейли және басқа да актерлер қосылды.
«They Follow» фильміндегі оқиғалар түпнұсқа картинаның финалынан он жыл өткен соң өрбиді. Фильм сюжетінің егжей-тегжейі әзірге жарияланған жоқ. Белгілі болғаны — картинаны тағы да тәуелсіз NEON студиясы шығарады. Фильмнің премьерасы 2027 жылға жоспарланған.
Түпнұсқа «Ол сенің артыңнан келеді» фильмі 2014 жылы жарыққа шықты. Фильм кездейсоқ жыныстық қатынастан кейін өз құрбандарын тынымсыз аңдитын жұмбақ тылсым жаратылыстың құрбанына айналған Джей есімді студенттің оқиғасын баяндайды.
Шамамен 1,3 миллион доллар бюджетпен түсірілген картина әлемдік прокатта 23 миллион доллардан астам табыс жинады. Фильм сыншылардан жоғары бағалар алып, уақыт өте келе XXI ғасырдағы ең танымал тәуелсіз хоррорлардың біріне айналды.
Фильм жарыққа шыққаннан кейін бірнеше рет заманауи қорқынышты фильмдердің үздік тізімдеріне енді. Көптеген сыншылар оның ерекше атмосферасын, саундтрегін және тың концепциясын фильмнің культтік мәртебеге ие болуының басты себептерінің бірі деп атады.