«Тобыл» капитаны Қазақстан құрамасында дебют жасап, клуб тарихына енді

Полина Осипова. Фото: w_fctobol
Қостанайлық «Тобыл» әйелдер командасының капитаны Полина Осипова Қазақстан ұлттық құрамасында дебют жасаған клубтың алғашқы футболшысы атанды.
Клуб тарихындағы бұл оқиға 9 қазанда Астанада әйелдер арасындағы 2027 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі плей-офф матчында Қазақстан мен Ирландия кездескен кезде болды.
«Тобылдың» капитаны Полина Осипова матчты қосалқы құрамда бастады. Алайда 75-минутта алаңға шығып, Амина Бибосынованы алмастырды.
Осылайша, Осипова «Тобыл» әйелдер командасының тарихында Қазақстанның негізгі ұлттық құрамасы сапында ойнаған алғашқы футболшы атанды. Бұл туралы қостанайлық клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
УЕФА-ның ресми мәліметіне сәйкес, футболшы 2005 жылғы 14 қарашада дүниеге келген. Қазақстан құрамасында 16-нөмірмен өнер көрсетеді.
Қазақстан құрамасы үшін кездесу сәтсіз аяқталды. Бегайым Қырғызбаеваның шәкірттері Ирландиядан 0:8 есебімен жеңілді. Оның үстіне, 30-минутта қорғаушы Юлия Мясникова алаңнан қуылып, Қазақстан құрамасы азшылықта қалды.
Ирландия мен Қазақстан арасындағы қарымта матч 13 қазанда өтеді. Екі ойынның қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда 2027 жылы Бразилияда өтетін әйелдер арасындағы әлем чемпионатына жолдама алу үшін күресті жалғастырады.