Тоқаев «Атлетико Мадрид» басшысына II дәрежелі «Достық» орденін табыстады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев испаниялық «Атлетико Мадрид» футбол клубының бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринмен кездесті.
22 қазанда өткен кездесуде тараптар бірлескен спорттық жобаларды жүзеге асыру, футбол инфрақұрылымын дамыту және жас спортшыларды даярлау мәселелерін талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша мемлекет басшысы испаниялық қонаққа II дәрежелі «Достық» орденін табыстады.
Кездесуде Қазақстан мен мадридтік клуб арасындағы серіктестікті одан әрі нығайту мәселесіне баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақытқа дейін қол жеткізілген нәтижелердің маңызын атап өтіп, Испания тарапымен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
Тараптар бұқаралық және балалар-жасөспірімдер футболын дамытуға қажетті жағдай жасау мәселесін де талқылады. Қазақстанда мамандандырылған жаттығу нысандары салынып, болашағынан үміт күттіретін ойыншыларды анықтау және даярлау бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар Қазақстан Халықаралық футбол федерациясымен (ФИФА) бірлесіп, елдің түрлі өңірінде балаларға арналған 100-ден астам жаңа футбол алаңын салу бастамасын жүзеге асыруда. Президент футбол саласындағы өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі ретінде Қазақстан клубтарының басым бөлігін жекешелендіру мәселесін де атап өтті.
Кездесуде Алматы облысында орналасқан «Атлетико Мадрид» академиясының жұмысы да сөз болды. Бұл жоба халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, жас футболшыларды даярлау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік беретін орталықтардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
Мигель Анхель Хиль Марин жас спортшылардың жаттығуына жасалған жағдайды жоғары бағалады. Сондай-ақ ол болашақта академия футболшыларды даярлайтын жетекші білім беру және жаттығу орталықтарының біріне айналатынына сенім білдірді.