Тоқаев семсерлесуден тарихи жеңіске жеткен Қазақстан құрамасын құттықтады

Фото: fencing_fie / Instagram
Қазақстанның ерлер құрамасы семсерлесуден Мароккода өткен Әлем кубогы кезеңінде алтын медаль жеңіп алды. Бұл жеңіс қазақстандық спортшыларға әлемдік командалық рейтингте алғаш рет көш бастауға мүмкіндік берді.
Қазақстан құрамасының жетістігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өтті. Президенттің құттықтағаны туралы оның баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
Шешуші жарыстар 18 қазанда Касабланка қаласында өтті. Командалық турнирдің финалында Қазақстан құрамасы Ресей спортшыларымен кездесіп, 45:40 есебімен жеңіске жетті.
Қазақстанға алтын медальді Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов әкелді.
Мароккодағы жеңіс Қазақстан семсерлесуі үшін тарихи оқиға болды. Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) командалық рейтингінде ұлттық құрама өз тарихында алғаш рет бірінші орынға көтерілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында бұл жетістіктің елдегі спортты дамыту үшін маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы спортшыларға алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, жаңа биіктерді бағындыруға және халықаралық додаларда Қазақстанның абыройын асқақтатуға шақырды.
Айта кетейік, семсерлесуден ерлер мен әйелдер арасындағы шпагамен жарыс бойынша Әлем кубогының кезеңі 15–18 қазан аралығында Касабланкада өтті.