Трамп Инфантиноны БҰҰ-ның жаңа бас хатшысы қызметінде көргісі келеді

Фото: instagram_gianni_infantino
АҚШ президенті Дональд Трамп ФИФА президенті Джанни Инфантиноның кандидатурасын Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы қызметіне ұсыну мүмкіндігін қарастырып жатыр.
The New York Post басылымының мәліметінше, Трамп Инфантиноның әлемдік қауымдастық арасында зор құрметке ие екенін және адамдарды біріктіре алатын қабілеті бар екенін атап өткен. Оның пікірінше, дәл осы қасиеттер ФИФА басшысын БҰҰ бас хатшысы лауазымына лайық үміткер етеді.
Қазіргі БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш биылғы жылдың желтоқсан айының соңында қызметінен кетеді. Оның мұрагері осы жылы сайлануы тиіс. Алайда әзірге Инфантиноның бұл қызметке қызығушылық танытатыны немесе бұл мәселені Трамппен талқылағаны туралы ақпарат жоқ.
АҚШ президентінің жаһандық әріптестік жөніндегі арнайы өкілі Паоло Замполли де бұл бастаманы қолдап, Инфантиноның БҰҰ-ны тиімді басқара алатынын және футболды адамдарды біріктіретін құрал ретінде пайдалана алатынын айтты.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Джанни Инфантино ФИФА президенті қызметіне қайта сайлануға үміткер ретінде өз кандидатурасын ұсынған. Ұйым басшысын сайлау 2027 жылдың наурыз айында өтеді.