Басты бет
·
Теннис

Циципас жеңіске жетіп, Almaty Open турнирінің жартылай финалына шықты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Almaty Open

Фото: Almaty Open

Грекиялық теннисші Стефанос Циципас (ATP рейтингінде 39-орын) Almaty Open турнирінің ширек финалында австралиялық Джеймс Даквортты жеңді.

Алматы (Қазақстан). ATP-250. Ерлер арасындағы жекелей сында. Ширек финал

Стефанос Циципас (Грекия) – Джеймс Дакворт (Австралия) – 6:3, 6:4

Кездесу барысында Циципас 15 эйс жасап, бірде-бір қос қате жібермеді. Сондай-ақ сегіз брейк-пойнттың екеуін сәтті пайдаланды. Ал ATP рейтингінде 73-орында тұрған Дакворт бес эйс жасап, бір қос қате жіберді. Австралиялық теннисші брейк-пойнтқа ие болған жоқ.

Бұған дейін Циципас алғашқы айналымда америкалық Александр Ковачевичті 7:6 (11:9), 3:6, 6:3 есебімен жеңсе, кейін қазақстандық Михаил Кукушкиннен 6:1, 6:2 есебімен басым түсті.

Грекиялық теннисші жартылай финалда грузиялық Николоз Басилашвилимен (ATP рейтингінде 128-орын) кездеседі. Басилашвили ширек финалда француз Адриан Маннариноны 6:3, 6:1 есебімен жеңді.

Айта кетейік, 28 жастағы Циципас ATP турнирлерінде жекелей сында 13 рет чемпион атанған. 2022 жылы ол Астанада өткен турнирдің финалына дейін жетіп, шешуші кездесуде сербиялық Новак Джоковичке есе жіберген.

Almaty Open турнирінің жартылай финалдық кездесулері 24 қазанда өтеді. Ал ATP-250 санатындағы жарыстың финалы 25 қазанға жоспарланған.

Циципас жеңіске жетіп, Almaty Open турнирінің жартылай финалына шықты – sport-hub