Заңғар Нұрланұлы Алматыдағы ATP турниріндегі алғашқы матчында жеңілді

Фото: Getty Images
Қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы Алматыда өтіп жатқан ATP-250 санатындағы турнирдің екінші айналымына шыға алмады.
Алғашқы кездесуде оның қарсыласы чехиялық Томаш Махач болды. Чех теннисшісі екі сетте де басым түсіп, 6:2, 6:0 есебімен жеңіске жетті.
Бұл турнир 18 жастағы қазақстандықтың мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. ATP рейтингінде 1308-орында тұрған Заңғар ұйымдастырушылардың арнайы шақыртуы арқылы жарыстың негізгі кезеңінде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін ол ATP турларының негізгі кезеңінде ойнамаған еді.
Кездесудің алғашқы сеті Заңғар үшін оңай болған жоқ. Қазақстандық теннисші екі гейм ұтқанымен, ойын барысын өзгерте алмады. Томаш Махач сенімді ойнап, партияны 6:2 есебімен аяқтады.
Екінші сетте чехиялық спортшының басымдығы одан әрі артты. Заңғар бірде-бір гейм ұта алмады. Нәтижесінде Махач кездесуді сенімді жеңіспен аяқтады.
Almaty Open. ATP 250. 1/16 финал
Заңғар Нұрланұлы (Қазақстан) – Томаш Махач (Чехия) – 2:6, 0:6
Екінші айналымда Томаш Махач ресейлік Карен Хачановпен кездеседі. Ол бұған дейін жапониялық Рэй Сакамотоны 6:2, 6:4 есебімен жеңген болатын.
Еске салайық, бұған дейін Заңғар Нұрланұлы мен Александр Бублик Алматыдағы ATP-250 турнирінің жұптық сынында да алғашқы айналымнан аса алмады.