Циципас Almaty Open турнирінің екінші айналымында Кукушкинмен кездеседі

Фото: Getty Images
Грекиялық теннисші Стефанос Циципас Almaty Open турнирін жеңіспен бастады.
Әлемдік рейтингте 39-орында тұрған грек спортшысы алғашқы айналымда АҚШ өкілі Александр Ковачевичті (ATP рейтингінде 82-орын) жеңді. Кездесу үш сетке созылып, 7:6 (11:9), 3:6, 6:3 есебімен аяқталды.
Алғашқы сетте теннисшілер тең дәрежеде өнер көрсетіп, жеңімпаз тай-брейкте анықталды. Бұл кезеңде Циципас 11:9 есебімен басым түсті.
Екінші партияда Ковачевич бастаманы өз қолына алып, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Алайда шешуші сетте грек теннисшісі қайта басымдық танытып, матчты өз пайдасына аяқтады.
Almaty Open. ATP 250. Ерлер арасындағы жарыс. 1/16 финал
Стефанос Циципас (Грекия) – Александр Ковачевич (АҚШ) – 7:6 (11:9), 3:6, 6:3
Екінші айналымда Циципас қазақстандық Михаил Кукушкинмен кездеседі. Әлемдік рейтингте 389-орында тұрған отандасымыз алғашқы айналымда Стефанос Сакелларидисті 7:6 (7:4), 7:6 (7:3) есебімен жеңді. Кукушкин турнир ұйымдастырушыларынан арнайы шақырту (wild card) алған.
Айта кетейік, Циципас Кукушкинмен бұған дейін бес рет кездесіп, барлық матчта жеңіске жеткен. Теннисшілер соңғы рет 2022 жылы Астанада ойнап, сол кезде грек спортшысы 6:3, 6:4 есебімен басым түскен.
Almaty Open ATP 250 турнирі Алматыда өтіп жатыр. Жарыс 25 қазанда аяқталады.