«Тур де Франс»–2026 жарысының төртінші кезеңі Lidl-Trek командасының дубль жеңісімен аяқталды

Аружан Талгат··
Фото: XDS-Astana Team

Фото: XDS-Astana Team

Францияда беделді «Тур де Франс» велокөпкүндігінің 2026 жылғы төртінші кезеңі мәресіне жетті.

Кезең бағыты Каркассон мен Фуа қалалары арасында өтіп, 181,9 шақырымды құрады. Жарыс бірнеше санаттағы асулардан тұратын күрделі рельефте өтті. Жеңіс үшін тартыс ерте топтан бөлініп шыққан шабандоздар арасында өрбіді.

Кезең жеңімпазы болып Lidl-Trek командасының дат спортшысы Мадс Педерсен атанды. Ол қашықтықты 4 сағат 10 минут 45 секундта жүріп өтті. Екінші орынды оның командаласы Куинн Симмонс иеленіп, командасына дубль жасатты. Үшінші орын испаниялық Рауль Гарсия Пьернаға (Movistar Team) бұйырды.

XDS Astana Team сапындағы ең үздік нәтиже жаңа зеландиялық Аарон Гейтке тиесілі болды — ол 98-орын алды, жеңімпаздан 12 минут 59 секундқа қалып қойды. Одан кейін колумбиялықтар Серхио Игита (101-орын) мен Харольд Техада (102-орын) мәреге жетті. Сондай-ақ Симоне Веласко (143-орын), Николас Винокуров (148-орын), Макс Кантер (153-орын), Майк Тёниссен (154-орын) және Давиде Баллерини (165-орын) жарысты аяқтады.

Кезең барысында спортшылар төрт таулы сыйақы үшін күресті. Төртінші санаттағы асуда Алекс Моленаар үздік атанса, кейін ол үшінші санаттағы асуды да жеңіп алды. Екінші санаттағы Col de Coudons асуында Ян Тратник бірінші болды. Ал күннің соңғы таулы нүктесі Col de Montségur асуында италиялық Марко Фриго жеңіске жетті.

Командалық есепте Lidl-Trek 12:32:15 нәтижесімен сенімді түрде жеңіске жетті. Movistar Team (+12:59) екінші орын алса, Caja Rural – Seguros RGA (+17:53) үшінші орынға тұрақтады. XDS Astana Team 23-орынға жайғасты.

Төрт кезеңнің қорытындысы бойынша жалпы есепте норвегиялық Торстейн Траэн (Uno-X Mobility) көш бастады. Ол сондай-ақ жарыстың жаңа көшбасшысы ретінде сары жейдені иеленді.

Қазақстандық команданың жалпы есептегі ең үздік шабандозы Серхио Игита, ол 22-орында (+11:16). Харольд Техада 29-орында (+12:31), Симоне Веласко 99-орында (+44:09), Аарон Гейт 116-орында (+47:41), Николас Винокуров 136-орында (+55:15), Майк Тёниссен 137-орында (+55:57), Макс Кантер 140-орында (+58:29), ал Давиде Баллерини 177-орында (+1:15:16) келеді.

«Тур де Франс»–2026 жарысының төртінші кезеңі Lidl-Trek командасының дубль жеңісімен аяқталды – sport-hub