УЕФА «Астанаға» 100 мың еуро айыппұл салды

Аружан Талгат··
«Астана» ФК

«Астана» ФК

Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) елордалық «Астана» клубына қаржылық санкция қолданды. 2025/26 жылғы маусымның қорытындысы бойынша қазақстандық клуб 100 мың еуро көлемінде, яғни шамамен 54,6 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

УЕФА түсіндіргендей, жаза қаржылық бақылау талаптарының бұзылуына байланысты салынған. Атап айтқанда, клубтың футболдан түскен кірісі мен ойыншылар құрамын ұстауға кеткен шығындары арасында қаржылық сәйкессіздік анықталған.

Санкция тек «Астанаға» ғана емес, бірқатар еуропалық клубтарға да қолданылды. Олардың қатарында Италияның «Ювентусы», Англияның «Ньюкаслы», Францияның «Ниццасы», Португалияның «Санта-Кларасы» және Сербияның «Партизаны» бар. Аталған клубтардың барлығы алдағы үш жыл ішінде қаржылық қызметін УЕФА талаптарына сәйкестендіруге міндетті.

Тексеру барысында 2023–2025 жылдар аралығындағы қаржылық операциялар сараланды. Мамандар активтерді сату, футболшыларды айырбастау және өзара байланысты тараптар арасындағы трансферлерді зерттеді. Клубтардың қаржылық есебінде көрсетілген кейбір кірістер УЕФА-ның қаржылық регламентіне сәйкес келмейді деп танылып, осының салдарынан тәртіптік жаза қолданылды.

Бұл шешім «Астана» үшін клубтағы күрделі жағдай аясындағы тағы бір жағымсыз жаңалық болды. Бұған дейін команданың бас бапкері клубтың бас демеушісі жоқ екенін мәлімдеген еді. Сонымен қатар клуб басшылығы 10 шілде күні өтетін Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі «Динамо Ситиге» қарсы сырт алаңдағы матчқа сапарды қалай ұйымдастыратынын әзірге нақты білмейтінін айтқан.

Айта кетейік, Қазақстан Премьер-лигасының 15 турында «Астана» 23 ұпаймен турнирлік кестенің бесінші сатысында келеді. Елордалық команда келесі матчын 3 шілде күні «Жеңіске» қарсы өткізеді.

УЕФА «Астанаға» 100 мың еуро айыппұл салды – sport-hub