UFC-дің бұрынғы чемпионы октагонға оралуын 2027 жылдың көктеміне шегерді

Фото: Minas Panagiotakis/Getty Images
Аустралиялық файтер Джек Делла Маддалена өз елінде өтетін турнирге қатысудан не себепті бас тартқанын және жекпе-жекке дайындалу үшін қосымша уақыт алуды шешкенін түсіндірді.
UFC-дің жартылай орта салмақтағы бұрынғы чемпионы Джек Делла Маддалена октагонға оралу жоспары туралы мәлімдеді. Аустралиялық спортшы келесі жекпе-жегін 2027 жылдың сәуір немесе мамыр айларында өткізуді көздеп отыр.
Бастапқыда ол Перт қаласында өтетін UFC турнирінде бразилиялық Карлос Пратеспен кездесуді қарастырған. Алайда кейін жоспарын өзгертіп, шеберлігін жетілдіруге және толыққанды дайындыққа көңіл бөлуді жөн көрген.
Файтер өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсету мүмкіндігі үшін октагонға асығыс оралғысы келмегенін де жасырмады.
«Меніңше, өткен жолы Перттегі турнирде Пратеспен жекпе-жек өткізуге сәл асығыс келісім бердім. Өйткені мұны істеуге міндетті сияқты сезіндім. Бірақ тым ерте оралғым келмеді. Менің жоспарым – шеберлігімді арттырып, даму болатын. Сондықтан турнир өз елімде өтеді екен деп қана жекпе-жекке шыққым келмеді. Жанкүйерлер мен командам үшін барымды көрсеткім келеді. Сол себепті күтуге дайынмын. Келесі жекпе-жегімді келесі жылдың сәуір немесе мамыр айында өткіземін», – деді Делла Маддалена MMA Mania басылымына берген сұхбатында.
Осылайша, аустралиялық спортшының келесі жекпе-жегі 2027 жылдың көктемінде өтуі мүмкін. Әзірге оның қарсыласы мен нақты кездесудің күні белгісіз.
Еске салайық, Джек Делла Маддалена бұған дейін UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуіне иелік еткен. 2025 жылдың соңында ол ресейлік Ислам Махачевке есе жіберіп, чемпиондық атағынан айырылды.