Уильям Сепеда әлем чемпионы атанып, WBC белбеуін жеңіп алды

Фото: Golden Boy Promotions
Мексикалық боксшы Уильям Сепеда Лас-Вегаста өткен бокс кешінде америкалық Ламонт Роучты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, жеңіл салмақтағы WBC тұжырымы бойынша бос тұрған әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
12 раундқа созылған жекпе-жектің қорытындысында төрешілер жеңісті Сепедаға берді. Есеп – 118:110 және екі рет 117:111. Мексикалық боксшы жекпе-жек бойы жоғары қарқын көрсетіп, қарсыласына үздіксіз қысым жасап отырды.
Бұл – Сепеданың WBC чемпиондық белбеуін иеленуге жасаған екінші талпынысы. Өткен жылы ол Шакур Стивенсоннан төрешілер шешімімен жеңіліп қалған еді. Ал бұл жолы бос тұрған титулды жеңіп алып, әлем чемпионы атанды. Ал Ламонт Роуч үшін бұл соңғы уақыттағы алғашқы жеңіліс болды. Бұған дейін ол Джервонта Дэвис пен Исаак Круспен өткен жекпе-жектерін тең нәтижемен аяқтаған.
Кештің қосалқы басты жекпе-жегінде IBF тұжырымы бойынша жеңіл салмақтағы әлем чемпионы Рэймонд Мураталла өз титулын сәтті қорғады. Ол бұрынғы әлем чемпионы Робсон Консейсаоны төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді. Қорытынды есеп – 118:110 және екі рет 119:109.